Парламент • 01 Маусым, 2017

Сенат комитеті заңнамаға жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қарады

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Сенат комитеті заңнамаға жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қарады

Заң жобасымен сегіз заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Олардың ішінде еліміздің Азаматтық кодексі, Бюджет кодексі, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс (Салық кодексі), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Кәсіптік одақтар туралы» заңдар бар.

Заң жобасы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің дербес бюджетін, яғни бюджеттің жаңа төртінші деңгейін кезең-кезеңмен енгізуді, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншік институтын енгізуді көздейді. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін қалыптастыру, бекіту және орындау тәртібі заңнамалық түрде бекітіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет процесін және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару жөніндегі өкілеттіктері нақтыланып, толықтырылады.

Өзгерістер мен толықтырулар ұлттық холдингтердің және олармен үлестес заңды тұлғалардың меншігін жекешелендіру есебінен Ұлттық қор қаражатын жинақтауды да қамтиды. Квазимемлекеттік сектордың ішкі қарыз алуы бойынша шектеулер бөлігінде де өзгерістер бар.

Заң жобасының жекелеген ережелері жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді талқылау үшін жергілікті қоғамдастықтың жиындары мен жиналыстарын өткізуге қатысты болып отыр.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.